Депутат Қытай азаматшасына қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деген күдікке ілінді

Бүгін, 20:13 / Алуа Әшірбекова
Сурет: megapolis.kz

Түркістан облысында аудандық мәслихат депутаты Қытай азаматшасына қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz, Halyqstan telegram арнасына cілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, Қытайдан келген бес адамнан тұратын делегация Бәйдібек ауданына қорғасын-мырыш кенін өндіруге инвестиция салу мүмкіндігін зерделеу мақсатында келген. Шетелдік қонақтарды аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаев бастап жүрген.

Ақпаратқа сәйкес, іскерлік кездесуден кейін қонақтар үшін демалыс ұйымдастырылған. Кейін 34 жастағы Қытай азаматшасы депутаттың Lexus автокөлігіне отырған. Әйелдің айтуынша, күдікті оны адам жоқ жерге апарып, еркінен тыс жыныстық сипаттағы әрекеттер жасаған.

Оқиғадан кейін полицияға арыз түскен. Түркістан облысы Полиция департаменті күдіктінің анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Айта кетейік, күдікті соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін кінәсіз деп есептеледі.

Тэгтер:

#Түркістан облысы #Тергеушілер #ҚР Қылмыстық-процестік кодексі #Қытайдан келген #арыз