Көкшетауда адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі жүргізушінің күйеуі рақымшылыққа ілікті

Бүгін, 13:20 / Алуа Әшірбекова
Сурет: скриншот

Көкшетауда адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына байланысты автокөлік иесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс рақымшылық жасау туралы акт негізінде тоқтатылды, деп хабарлайды Arasha.kzHalyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 9 мамыр күні Сарыарқа шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Аулаға кірген жеңіл көлік жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды.

Көлікті басқарған жүргізуші - автокөлік иесінің жұбайы болған. Оның көлік жүргізуге заңды құқығы болмаған.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, автокөлік иесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 349-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған іс жеке өндіріске бөлініп қаралған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін іс рақымшылық жасау туралы актінің қолданылуына байланысты қысқартылды.

Бұған дейін Көкшетау қалалық соты әйелді Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша кінәлі деп таныған болатын. Сот оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны өтеуді 3 жылға кейінге қалдырған.

Тэгтер:

#Полиция департаменті #Қылмыстық кодекс #Көкшетау #автокөлік # жүргізуші