Блогер Бота Миа лақап атымен танымал Ақбота Нұрахын халықаралық аламан бәйгеде қазақ шабандозының орнына жарысқа шығып, үшінші орын алған қырғызстандық балаға тұлпар сыйлады, деп хабарлайды Arasha.kz, Turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Блогердің айтуынша, ол осы уақытқа дейін Қырғызстанның мәдениеті мен медиа саласындағы жаңалықтарды Қазақстан жұртшылығына таныстырып келген. Сондықтан екі ел арасындағы бауырластықты сөзбен емес, іспен көрсетуді жөн көргенін айтты.
«Жақында кішкентай қырғыз баласының қазақ баласын көрсеткен кеңдігі мен адамгершілігіне бүкіл ел куә болды. Бұл – қазақ пен қырғыз халқының бауырластығын дәлелдеген үлкен өнеге. Сондықтан мен құр сөзбен емес, іспен құрмет көрсеткім келді. Сосновка ауылына барып, кішкентай батыр шабандозға өзімнің құрметімнің белгісі ретінде тұлпар сыйлағым келді», - деді ол.
Сондай-ақ Ақбота Нұрахын екі елдің достығы әрдайым берік болып, араларына ешқашан сызат түспеуін тілейтінін жеткізді.
«Қазақ пен қырғыздың достығы әрдайым берік болып, бауырластығымыз мәңгі жасай берсін!» - деп түйіндеді блогер.