«Сұлудың жоқ дегені иә» әні неге дау тудырды?

Бүгін, 17:27 / Алуа Әшірбекова
Коллаж ЖИ арқылы жасалған

Соңғы күндері TikTok желісінде әнші Әділет Жауғашардың «Сүй иә» әні ерекше танымалдыққа ие болды. Әсіресе әндегі «Сұлудың жоқ дегені - иә» деген жол мыңдаған видеоға қолданылып, әлеуметтік желінің басты трендтерінің біріне айналды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бірі бұл сөздерді әзіл әрі романтикалық астар ретінде қабылдап, түрлі бейнероликтер түсіріп жатса, енді бірі мұндай тіркестер адамның «жоқ» деген жауабын елемеуді қалыпты құбылыс ретінде көрсетуі мүмкін деп алаңдай бастады.

Бұл - Қазақстан қоғамында ән мәтініне қатысты алғаш рет туындаған пікірталас емес. Бірнеше жыл бұрын Рүстем Жиенғалиевтің «07ім» әніндегі «Үйіме келін қылып алар едім, жасың да аспапты ғой кәмелеттен» деген жолдар да қызу талқыланған болатын. Сол кезде қоғамның бір бөлігі ән мәтіні кәмелетке толмағандарға қатысты орынсыз ой қалыптастыруы мүмкін деп сынаса, енді бір бөлігі оны шығармашылық еркіндік деп бағалады.

Бүгін дәл осындай пікірталас «Сұлудың жоқ дегені иә» әнінің айналасында өрбіп отыр.

Әлеуметтік желілердің ерекшелігі - көпшілік әнді толық тыңдамайды. Көбіне 10-15 секундтық үзінді ғана миллиондаған адамның санасында сақталып қалады. Соның салдарынан шығарманың тұтас мазмұнынан бөлек, бір ғана сөйлем жеке өмір сүре бастайды.

Соңғы уақытта қоғамда жеке шекараны құрметтеу, келісім мәдениеті және адамның таңдауын сыйлау мәселелері жиі көтеріліп жүр. Осы себепті ән мәтініне қатысты пікірталас та бұрынғыдан әлдеқайда қызу өрбіді.

Алғашқы күндері сынға жауап берген Әділет Жауғашар бұл сөздердің өз ойынан шықпағанын айтып, мәселені тым ушықтырмауға шақырған еді.

«“Сұлудың жоқ дегені иә” деп ақын-композиторлар бір қызға арнап жазған. Сондықтан маған “жоқ дегені жоқ” деп айтпаңыздар. Мені кінәлап, ұрыспай-ақ қойыңыздар. “Жоқ” дегені - жоқ, “иә” дегені - иә деп жүре беріңіздер. Көтеретін мәселе емес», - деген болатын әнші.

Алайда бірнеше күн бойы әлеуметтік желідегі пікірталас тоқтамады. Бүгін Әділет Жауғашар  Instagram парақшасында жазбаша мәлімдеме жасап, тыңдармандарынан кешірім сұрады. 

Әншінің айтуынша, «Сүй иә» әні жазылған кезде авторлар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйенген. Бірақ сол кездегі қоғамдық көзқарас пен қазіргі қоғам құндылықтарының өзгергенін ескермегендерін мойындады.

«Құрметті тыңдармандар, әлеуметтік желіде өзіме қатысты айтылып жатқан пікірлерді көріп, оқыдым. “Сүй иә” әнін жазғанда Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылығын ескермеппіз. Бұл әннің көптің көңіліне тиетінін ойламадық. Өзім де зорлық-зомбылыққа қарсымын. Онымен үстіне әкемнен емес, анамның тәрбиесінде өстім. Егер бұл ән сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, енді оны орындамаймын. Баршаңыздан кешірім сұраймын. Сұлудың “жоқ” дегені - жоқ», - деп жазды әнші.

Осылайша, егер бірнеше күн бұрын Әділет Жауғашар ән мәтінін өмірлік қағида ретінде қабылдамауға шақырса, бүгін ол қоғамның сынын ескеріп, аталған туындыны енді орындамайтынын және тыңдармандардан кешірім сұрайтынын мәлімдеді.

Ән төңірегіндегі пікірталасқа коуч Роза Аширбаева да үн қосты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтіп жатқан кезеңде мұндай әндердің жастар арасында кең таралуына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, қыздың «жоқ» деген жауабын «иә» деп қабылдататын мазмұн жеке шекараны құрметтеу қағидасына қайшы келеді.

«Зорлық-зомбылыққа деген абсолютті төзбеушілік тек сот залында емес, медиада, бұқаралық мәдениетте және күнделікті өмірімізде көрініс табуы тиіс деп есептеймін», - деп жазды Роза коуч.

Сонымен қатар ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне стримингтік платформалар мен музыкалық контентте зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде көрсетуге жол бермейтін этикалық талаптар мен модерация тетіктерін енгізуді, сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігінен осындай мазмұндағы әндердің ірі концерттік алаңдарда орындалуына назар аударуды сұрады.

Соңғы жылдары әлемде де «No means No» («Жоқ деген - жоқ») қағидасы кеңінен насихатталып келеді. Көптеген елде бұл тек құқықтық ұстаным ғана емес, қоғамдық мәдениеттің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Себебі кез келген қарым-қатынас өзара келісімге негізделуі тиіс.

Сондықтан бүгінгі пікірталас бір ғана ән төңірегіндегі дау емес. Бұл - әлеуметтік желілердегі контенттің жастардың дүниетанымына қаншалықты ықпал ететіні, шығармашылық еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің ара-жігі қай жерде түйісетіні туралы кеңірек қоғамдық талқылау.

Тэгтер:

#Ән #Әділет Жауғашар #No means No #Роза Аширбаева #Сұлудың жоқ дегені - иә