Ақтөбедегі "Нұр Ғасыр" орталық мешітінде тарауық намазынан кейін екі кәмелетке толмаған жасөспірімге күш қолданылған, деп хабарлайды Arasha.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға салдарынан 15 жастағы баланың денсаулығына зиян келіп, қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.
Тараған мәліметтерге сәйкес, жасөспірімдер намаз аяқталғаннан кейін аяқ киім сөресінің жанында тұрған. Сол сәтте олардың бірі кроссовканы қолына алып, досына көрсеткеннен кейін қайта орнына қойған. Мұны байқаған мешіттің 38 жастағы қызметкері Бауыржан Оралов балалар аяқ киімді ұрламақ болды деп ойлап, оларға күш қолданған.
Іс материалдарына қарағанда, қызметкер алдымен бір жасөспірімді ұрған. Оған араша түскен 15 жастағы баланы кейін жерге құлатып, басынан бірнеше рет тепкен. Оқиға мешіт ішіндегі бейнебақылау камераларына жазылып қалған.
Салдарынан жасөспірім есінен танып қалған. Дәрігерлер оған орта дәрежелі ми шайқалуы мен ми жарақатын анықтаған. Ол 20 күннен астам уақыт ауруханада емделіп, кейін бірнеше ай бойы оңалту курсынан өткен.
Қазіргі уақытта Бауыржан Ораловқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігі («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») және 293-бабының 2-бөлігі («Ауырлататын мән-жайларда жасалған бұзақылық») бойынша айып тағылған. Сонымен қатар мешіт қызметкері де жасөспірімдердің үстінен арыз түсіргені белгілі болды.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған оқиға бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.
«Ақтөбе қаласындағы "Нұр Ғасыр" мешітінде екі кәмелетке толмағанға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, соңғы уақытта "Нұр Ғасыр" мешітіне қатысты қоғамда резонанс тудырған оқиғалар жиілеп отыр. Бұған дейін әлеуметтік желілерде белгісіз ер адамның мешіт аумағында бойжеткенге уақытша неке ұсынып, интимдік қатынасқа шақырғаны түсірілген бейнежазба тараған болатын. Бұл жағдай да қоғамда қызу талқыланған еді.