Кім-кімге тыйым сала алатынын шатыстырып алды-ау – Дуров ресейлік шенеуніктерге

Бүгін, 11:22 / Arasha.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды.

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Ресейдің Қаржылық мониторинг федералдық қызметі (Росфинмониторинг) жүргізетін террористер мен экстремистер тізіміне енгізілуіне әлеуметтік желіде мысқылмен жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Дуров өзінің орыс тіліндегі Telegram арнасында мем жариялады. Онда өзі «террористердің сыбайласы» деп көрсетілсе, жанында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «Талибан» қозғалысының өкіллерімен кездесуі бейнеленген. Суретте қозғалыс мүшелеріне «құрметті серіктестер» деген жазу берілген.

Кейін Дуров ағылшын тіліндегі арнасында бұл мәселеге қатысты түсініктеме жасап, өзін аталған тізімге енгізудің себебі Telegram-да жаппай бақылау жүргізу мен цензура енгізу туралы талаптарды орындаудан бас тартқаны екенін мәлімдеді.

«Ресей заңдарына сәйкес, маған интернетте қандай да бір материал жариялауға тыйым салынған. Ресей шенеуніктері интернетте кімнің кімге тыйым сала алатынын өздері шатастырып алған сияқты», – деп жазды Telegram негізін қалаушы.

Бұған дейін Росфинмониторинг Павел Дуровты террористер мен экстремистердің ресми тізіліміне енгізген болатын. Бұл шешім қоғамда кең талқыланып, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды.

Тэгтер:

интернет тыйым Шенеуніктер шенеунік Ресейлік Дуров телеграм