Продюсер Гүлзира Айдарбекова Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта үйленуіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz, Paryz.kz-ке сілтеме жасап.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында марқұмның жұбайының қайғысын халықпен бөліскенін еске алып, мұндай жағдайда марқұмның ата-анасы мен туыстарына құрмет көрсетілуі тиіс екенін айтты.
«Марқұм әйеліне соншалықты жылы сөзі мен көз жасымен халықпен бөліскен екен, 8 ай шыдап, ары қарай 4 ай шыдаса, жылын өткізіп, ата-енесінің алдынан өтіп үйленсе, әйелінің әке-шешесі бұл әйелін де қызымыз деп қабылдап батасын берер еді. Енді не болды, елдің батасын алудың орнына қаншама ренішті елден де, бұрынғы енесінен де сөз естіп, қандай тәтті ұйқы болады жас әйелімен? Неге әулеттегі үлкен кісілер ескерту жасамаған екен? Кімнің де болса мұндай ісіне жүрегі ауырады ғой», - деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта үйленгені туралы ақпарат таралып, қоғамда қызу талқыланған болатын. Марқұмның анасы да бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірген еді.