Түркістан облысының Түлкібас ауданында 32 жастағы Маханбет Тұрғанбек ауылдастарының қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары оның бес адам тарапынан соққыға жығылып, кейін кеңірдегіне пышақ сұғылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.
Марқұмның анасы мен жұбайы оқиғадан бері 11 күн өтсе де, күдіктілердің тек біреуі ғана қамауға алынғанына наразы екенін айтты. Олардың сөзінше, қалған күдіктілер әлі күнге дейін бостандықта жүр.
Жұбайының айтуынша, оқиғадан кейін күдіктілер марқұмның телефонына жауап беріп, жақындарын келемеждеген.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның жары мен бес баласы қалды. Үлкені - 11 жаста болса, кенжесі әлі 40 күнге де толмаған.
Туыстары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.