Қазақстанда жыл сайын елде жүз мыңнан астам жаңа отбасы құрылып, жүздеген мың сәби дүниеге келеді. Тек 2025 жылдың өзінде республика бойынша 115 920 неке тіркелген. Ал зерттеушілердің есебінше, қазақстандық отбасылар жыл сайын орта есеппен бір миллион теңгеден астам қаражатты той-думан мен түрлі отбасылық мерекелерге жұмсайды. Бұл көрсеткіштер қазақ қоғамында салт-дәстүрдің әлі де қоғамдық өмірдің маңызды бөлігі екенін аңғартады. Бірақ осы белсенділіктің бәрі дәстүрдің шынайы мәні сақталғанын білдіре ме? Әлде біз уақыт өте келе салттың рухынан гөрі оның сыртқы рәсіміне көбірек көңіл бөле бастадық па?
Қазақ дүниетанымында дәстүр ешқашан тек әдет-ғұрыптың жиынтығы болған емес. Ол қоғамдық қатынасты реттейтін, ұрпақ тәрбиесін қалыптастыратын, ағайын арасын жақындастыратын өмір сүру қағидасы еді. Үлкенді құрметтеу, сөзге тоқтау, аманатқа адал болу, асар ұйымдастыру, көршіге қол ұшын созу сияқты құндылықтардың барлығы заңмен емес, дәл осы дәстүр арқылы орнықты. Сондықтан салтты тек этнографиялық мұра немесе мерекелік рәсім ретінде қарастыру оның қоғамдағы шынайы орнын толық аша алмайды. Дәстүр – ұлттық болмысты сақтайтын ғана емес, қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыратын рухани институт.
Дәстүрдің сәні емес, мәні маңызды
Заман өзгерген сайын дәстүрдің де жаңа сипат алуы заңды құбылыс. Алайда соңғы жылдары ұлттық жоралғылардың айналасында басқа бір үрдіс қалыптасып келе жатқандай. Көп жағдайда рәсімнің тәрбиелік мазмұнынан бұрын оның ауқымы, сән-салтанаты, әлеуметтік желідегі көрінісі немесе өзгеден ерекшелігі маңыздырақ болып барады. Тойдың мәні емес, безендірілуі; батаның тағылымы емес, оның видеосы; ағайынның бас қосуы емес, дастарқанның көлемі көбірек талқыланатын жағдайлар жиілеп кетті.
Бұған қоса, кейінгі жылдары бұрын халық арасында кең таралмаған кейбір рәсімдер де «қазақтың байырғы дәстүрі» ретінде ұсынылып жүр. Әрине, мәдениет үнемі дамып, жаңарып отырады. Бірақ жаңадан пайда болған үрдістің бәрін ұлттық мұрамен теңестіру дұрыс бола бермейді. Әйтпесе, уақытша сән мен ғасырлар бойы қалыптасқан салттың арасы көмескіленіп кетуі мүмкін.
Той мәдениетінің экономикалық ауқымының ұлғаюы да осы өзгерістің бір көрінісі. Сарапшылардың зерттеуіне сәйкес, көптеген отбасылар жылдық шығынының елеулі бөлігін тойлар мен мерекелік рәсімдерге жұмсайды. Бұл, бір жағынан, дәстүрге деген сұраныстың сақталғанын көрсетсе, екінші жағынан, оның кейде әлеуметтік бәсекенің құралына айналып бара жатқанын да аңғартады. Шын мәнінде, дәстүрдің құны жұмсалған қаржымен емес, ұрпаққа қалдырған тәрбиесімен өлшенуі тиіс.
Жаңғыртатын нәрсе – ұмытылған құндылықтар
Бүгінгі қоғамға жаңа дәстүр ойлап табудан бұрын, бұрыннан бар құндылықтардың мазмұнын қайта жаңғырту маңыздырақ. Қазақтың асар дәстүрі – өзара көмектің, бата беру – рухани сабақтастықтың, жеті атасын білу – тарихи сананың, ал сөзге тоқтау – жауапкершіліктің көрінісі болды. Осындай құндылықтардың тәрбиелік әлеуеті бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Қоғамда өзара сенім, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет туралы жиі айтылатыны кездейсоқ емес. Мұндай қасиеттерді қалыптастыруда отбасы тәрбиесімен қатар, ұлттық дәстүрдің де орны ерекше. Сондықтан салтқа тек мерекелік рәсім ретінде емес, қоғамдық мәдениеттің тірегі ретінде қарау қажет.
Ұлттың болашағы жаңа жоралғылардың көбеюімен өлшенбейді. Ол ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардың қазіргі өмірде қаншалықты сақталып, жаңа буынның дүниетанымына сіңе алуымен бағаланады. Егер біз дәстүрдің сыртқы көрінісін ғана емес, оның тәрбиелік мазмұнын да сақтай алсақ, онда ұлттық болмысымыздың да іргесі берік болмақ. Ал салттың рухы көмескіленген жерде ең әсем рәсімнің өзі ұлтты ұйыстыратын күшке айнала алмайды.