Таиландта із-түзсіз жоғалған қазақстандықтар - 22 жастағы Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Романның өліміне қатысты ұсталған күдіктілер қылмыстарын мойындады, деп хабарлайды Arasha.kz, Informburo31-ге сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, Романға оқ атылып, ол оқиға орнында көз жұмған. Ал Диана аяусыз соққыға жығылып, алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыс олардың мотоциклін иемдену мақсатында жасалған. Оқиғадан кейін күдіктілер мотоциклді бөлшектеп, оның бөліктерін жерге көміп тастаған.
Сондай-ақ олар полицияға марқұмдардың денесі жасырылған жерді көрсеткен. Алайда мәйіттердің табылғаны туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салайық, Диана Назимова мен оның 17 жастағы інісі Роман 26 шілде күні таңертең мотоциклмен үйден шығып кеткеннен кейін хабар-ошарсыз жоғалған болатын. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.