Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі, марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай куәлік беріп, оқиға алдындағы соңғы сәттерді баяндады.
Оның айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Нұраймен бірге кешкі ас ішкен. Сол кезде ол қарындасынан сүзбе қосылған бәліш пісіріп беруін өтінген.
Келесі күні Нұрай бәліш әзірлеу үшін ұн сатып алуға дүкенге шыққан. Жәбірленуші тараптың мәліметінше, дәл сол сәтте оны күдікті Шерхан Аймахан күтіп тұрған. Артынша қайғылы оқиға орын алған.
Сұлтан Серікбай бұл жағдайдан мүлде бейхабар болғанын айтты. Оның сөзінше, жұмыстан үйіне келгенде үй маңына жиналған полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігін көріп, болған жайтты сол кезде ғана білген.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот тергеуі жалғасып жатыр.