Алматы облысында 16 жастағы қыздың жоғалуына байланысты іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz, LIDER.KZ еріктілер қозғалысына сілтеме жасап.
Еріктілердің мәліметінше, 2009 жылы 27 шілдеде туған Ясмина Шерзатқызы Шертаева 21 шілде күні шамамен сағат 23:30-да Қарасай ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз.
Алдын ала ақпарат бойынша, қыз соңғы рет Қарасай ауданындағы «Долан» аялдамасы маңында, «Бамбарбия Кергуду» ресто-барының жанындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Алайда одан кейін оның қандай көлікке отырғаны немесе қай бағытқа кеткені әзірге анықталмаған.
Іздестіру тобының айтуынша, Ясмина үйден бас киімсіз шыққан. Жанында ұялы телефоны болғанымен, әзірге SIM-картасының нөмірі мен телефонның IMEI деректерін анықтау мүмкін болмай отыр.
Осыған байланысты еріктілер 21 шілде күні сағат 23:30 мен 00:00 аралығында Алматы - Бішкек тасжолымен жүрген жүргізушілерге үндеу жасады. Егер көлігіңіздің бейнетіркегішіне «Долан» аялдамасы мен «Бамбарбия Кергуду» ресто-бары маңындағы жол бөлігі түсіп қалған болса, жазбаларды қарап шығуға және іздестіру тобына хабарласуға шақырды.