Қазақтың шахматшы қызы Алуа әлемнің үздік үштігінде

Бүгін, 16:22 / Алуа Әшірбекова
Сурет: fide.com/Maria Emelianova

Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлемнің үздік 100 шахматшысының жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Arasha.kzinbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңартылған тізімде 19 жастағы қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман бір сатыға жоғарылап, әлемдік рейтингтің үшінші орнына көтерілді.

Спортшы рейтингіне 7 ұпай қосып, жалпы көрсеткішін 2442 ұпайға жеткізді. Осылайша, ол бұған дейінгі төртінші орыннан үздік үштікке енді.

Рейтингтің көш басында 2465 ұпаймен украиналық Анастасия Гнатышин тұр. Ал екінші орында 2443 ұпай жинаған Анна Шухман (FIDE/Ресей) орналасқан. Алуа Нұрман екінші орыннан небәрі бір ұпай ғана қалып келеді.

Айта кетейік, қазақстандық шахматшы 2025 жылы блиц шахматынан Азия чемпионы атанған болатын. Сонымен қатар, биыл маусым айында Гонконгта өткен командалық әлем чемпионатында жеке тақтадағы жарыста блицтен алтын, рапидтен күміс медаль жеңіп алды.

Жаңартылған рейтингте Қазақстанның өзге шахматшылары да жоғары орындарға жайғасты. Амина Қайырбекова 2353 ұпаймен 13-орында тұрса, Елназ Қалиахмет 2304 ұпаймен 22-орынды иеленді. Зарина Нұрғалиева 2302 ұпаймен 23-сатыға орналасты. Ал Мария Холявко 2217 ұпаймен әлемдік рейтингтің 60-орнын иеленіп отыр.

Тэгтер:

# Халықаралық шахмат федерациясы # қыздар арасындағы #қазақстандық шахматшы Алуа Нұрман # командалық әлем чемпионатында