«Бұл мәселе тапсырыспен болып жатыр»: Аша Матай депутаттықтан бас тартпағанын мәлімдеді (ВИДЕО)

Бүгін, 20:11 / Алуа Әшірбекова
Коллаж: Ulysmedia.kz

Өнер иесі әрі Құрылтайға үміткер Аша Матай әлеуметтік желіде өзі туралы тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасап, депутаттықтан бас тартқаны жөніндегі қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Видеода ол соңғы уақытта кейбір адамдар өзінің кандидатурасын қайтарып алды деген жалған ақпарат таратып жатқанын айтып, мұны халықты шатастыру әрекеті деп бағалады.

«Мен туралы жалған ақпарат таратыпты кейбіреулер. “Аша Матай депутаттықтан бас тартыпты” деп халықты шатастырып жатыр. Әрине, бұл мәселе тапсырыспен болып жатыр», - деді ол.

Аша Матай Құрылтайға үміткер екенін тағы бір мәрте атап өтіп, депутат болатынына сенетінін жеткізді. Сонымен қатар өзін қолдайтын азаматтарды мәселелерін ашық айтып, сенім артуға шақырды.

«Маған сенген азаматтар, оқырмандарым, тыңдармандарым, өздеріңіздің мұң-мұқтаждарыңызды маған айтыңыздар, жазыңыздар. Маған сенім артыңыздар. Сіздердің маған артқан жүктеріңізді Құрылтайға арқалап барамын. Сіздер үшін күресемін, сынбаймын. Жігерім де, мінезім де жетерлік. Құдай қолдасын, ағайын», - деді Аша Матай.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Аша Матайдың депутаттыққа кандидатурасынан бас тартқаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда ол бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, сайлау додасынан шықпағанын айтты.

Тэгтер:

#Аша Матай #Құрылтай # депутаттық