«Әйелдер мен ер адамдар бөлек отыруы керек» деген сөз жұртты шулатты

Бүгін, 10:00 / Алуа Әшірбекова
Сурет: скриншот

Жетісайда өткен тойлардың бірінде көпшілік алдында сөз сөйлеген ер адамның айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz, sn.kz_media-ға сілтеме қалдырып. 

Видеода өзін қалыңдықтың туысы ретінде таныстырған азамат қазіргі таңда тойларда арақтан бас тарту үрдісі қалыптасқанын айтып, енді тағы екі мәселеге назар аудару қажет екенін жеткізеді. Оның айтуынша, тойда әйелдер мен ер адамдар бөлек отыруы керек. Сондай-ақ ол әншілердің қатысуына қатысты да пікір білдіріп, оларсыз да той өткізуге болатынын айтады.

 Қазір арақ деген бәледен құтылдық. Енді екі нәрседен құтылу керек. Бірі - музыка. Екіншісі - әйелдер мен ер адамдар бөлек отыруы керек. Әншілер маған ренжімесін, оларсыз да той өткізуге болады. Шариғатта оларды «шайтанның азаншысы» дейді. Тамадалар келесі тойларда осыны ескерсе, - дейді видеодағы азамат.

Бұл видео әнші Роза Әлқожаның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Өнер иесі жазбасында айтылған пікірлердің қандай да бір теріс діни ағымның ықпалы болуы мүмкін деген күдігін білдірген.

Сонымен қатар, әнші бұл мәселеге Жетісай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен дін саласына жауапты құзырлы органдар назар аударуы қажет деп есептейтінін жазды.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі азаматтың айтқанын қолдаса, енді бірі оның көзқарасымен келіспейтінін айтып, қызу пікірталасқа түсті.

Тэгтер:

#Той #әйелдер мен еркектер #Жетісай #музыка