Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген түрік тіліндегі алғашқы авторлық туындысы – "Yazgı" әнін жарыққа шығарды. Өнер иесі жаңа композицияның тұсаукесері туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлеріне көпжылдық қолдауы үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Бала кезімізден бізге өнер иесі өз көрерменінің сүйіспеншілігіне бөленуі керек деп үйретті. Бірақ кейде сол көрерменнің әлемнің арғы шетінде болатынын ешкім айтпапты. Сондықтан бүгін менің түрік тіліндегі жаңа авторлық әнім – "Yazgı" жарыққа шықты", – деп жазды Димаш Құдайберген.
Әнші он жылдан бері өзімен бірге келе жатқан жанкүйерлеріне ризашылығын білдіріп, келесі композицияның қай тілде шыққанын қалайтындарын сұрады.
Көптеген тыңдарман Димаштың түрік тілінде ән шығаруын оның Түркиядағы ерекше танымалдығымен байланыстырды. Өнер иесінің бұл елде жанкүйерлері көп. 2024 жылдың мамыр айында ол Ыстанбұлдағы Beşiktaş Stadium аренасында жеке концерт өткізіп, мыңдаған көрермен жинаған еді.
Әннің музыкасын Димаш Құдайбергеннің өзі жазған. Мәтін авторы – Өркен Әбдіров. Композицияның продюсері де әншінің өзі. Ал аранжировкасын Ренат Аубакировпен бірге жасаған.
"Yazgı" сөзі түрік тілінен аударғанда «тағдыр» деген мағынаны білдіреді.
Желі қолданушылары жаңа туындыға жоғары баға беріп, әншінің келесі әнін қай тілде тыңдағысы келетіндерін де жазып жатыр. Ұсыныстар арасында испан, түрік, тай, неміс және басқа да тілдер бар.