Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі қалпына келтіріліп жатыр

Бүгін, 11:30 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Arasha.kz

Түркістан облысы Отырар ауданындағы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесінде реставрациялық жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, тарихи нысанды қалпына келтіру жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары жүргізуде.

Қазіргі уақытта кесененің күмбездері қыш кірпішпен қапталып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін кірпіштердің арасындағы жіктерге ылғал өткізбейтін арнайы қорғаныш қоспа жағылады.

Кесененің ішкі бөлігінде де бірқатар жұмыс атқарылған. Қабырғалар мен төбедегі үгітілген ескі сылақ толығымен алынып, олардың орны қайта сыланған.

Алдағы уақытта кесененің еденін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар нысанның есіктері мен терезелері қалпына келтіріліп, бұрынғы орнына қайта орнатылады.

Реставрациялық жұмыстар кесененің тарихи-сәулеттік келбетін сақтап, нысанның ұзақ жылдар бойы бүлінбей тұруын қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзбекәлі Жәнібеков кесенесі республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген. Ол Отырар ауданындағы Қоғам ауылында, Арыстанбаб кесенесінің аумағында орналасқан.

Тэгтер:

Өзбекәлі Жәнібеков кесене