««Болашақ» бағдарламасымен оқыған 2 министр, 4 вице-министр, 2 депутат бар»

1049
фото - Жанболат Мелдешев
фото - Жанболат Мелдешев

Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылы 5 қарашадағы қаулысымен қабылданған «Болашақ» халықаралық стипендиясына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасырда бағдарламамен әлемнің жетекші оқу орындарында мыңдаған азаматтар білімін жетілдіріп, елге оралып, әр салада еңбек етіп келеді. «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына орай, білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Жанболат Мелдешевпен арнайы сұхбаттасқан едік.

Жанболат Жарылқасынұлы, 25 жылда қанша қазақстандық студент шетелде білім алды? Олар қай елдер?

– Биылғы жылдың мамыр айының соңындағы ақпарат бойынша барлық тағайындалған стипендия саны 13000-ға жуық болса, солардың 10000-ға жуығы оқуларын бітіріп келгендер.

Бүгінге дейін әлемнің 35 еліндегі 200-ге жуық ең мықты деген университеттермен стратегиялық серіктестік орнытып, бірлесе жұмыс жасадық. Әлі де бұл ынтымақтастық жалғаса береді деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері Times Higher Education, QS World University Ranking және Academic Ranking of World Universities сияқты халықаралық академиялық рейтингі бойынша әлемдік деңгейдегі топ университеттерінде білім алып жүр.

Студенттердің көбісі яғни, 46,2% Ұлыбритания университеттерінде, 38,5% АҚШ-та, 5,2% континентальды Еуропа елдерінде, 4,9% Азия және мұқит елдерінде, 5% Ресейде оқиды.

– Шетелде білім алғысы келетін студенттер көбінде қандай мамандықтар таңдайды?

– Кадрларды даярлау негізінен еліміздегі экономиканың басым салалары мен әлеуметтік салалары бойынша жүргізіледі. Дегенмен жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен холдингтер және т.б. ұйымдардың арнайы нақты тапсырыстары бойынша да оқитын студенттер бар. Сол себепті «мына мамандыққа түскісі келетін студент көп» деп белгілі бір мамандықты баса айту қиын. Яғни, жыл сайын әр сала бойынша қажетті мамандарды тапсырысқа орай даярлап отырамыз.

– Болашақтықтар білім алудан басқа шет елден нені игерді деп ойлайсыз?

– 25 жыл ішінде 10 мыңнан астам адам бір немесе бірнеше шет тілін меңгерді. Дүниенің төрт тарапындағы ең мықты деген университеттерде, әлемнің әр түкпірінен келген элитаның балаларымен, яғни элита өкілдерімен, («Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын университеттер топ 70-тегі оқу орындары) ең білімді деген жастармен бір сыныпта, бір партада қатар отырып білім алды. Қазақ деген ел бар екендігін, қазақтардың ең үздік оқу орындарында білім ала алатындығын дәлелдеді. Жаһандану дәуірінде басқа мәдениет өкілдерімен ортақ тіл табуға қабілетті болу – бұл өте маңызды шеберлік. Үлкен әлеуметтік капиталға ие бола тұрып, әлем бойынша жақсы таныс пен байланыстар орнатуға болады.

– «Болашақ» бағдарламасының жетістігін қайдан көре аламыз? Қаншасы қандай биікте жүр?

– Ақыры сұраған екенсіз, ендеше статистиканы тағы бір сөйлетіп көрейік. Жаңа жоғарыда айтқанымыздай, 13 мыңға жуық түлектің 5 мыңы – магистр, 3 мыңы – бакалавр, 300-ден астамы – PhD доктор және аспиранттар, интерндер. Сонымен қатар, 1800-і – тәжірибеден өтушілер.

Бітірушілердің 40 пайыздайы нақты экономикалық салада қызмет атқарып келеді. 20 пайызы білім және ғылым саласында тер төгіп жүрсе, 7 пайызға жуығы денсаулық сақтау саласында қызметте. 4-5 маман ауқымды компаниялар мен мемлекеттік органдарда топ-менеджер міндетін атқарып келеді. Ал мемлекеттік қызметте өз нәпақаларын тауып жүргендердің саны 555 маңында. Олардың арасында 2 министр, 4 вице-министр, республикалық деңгейдегі 1 қала әкімі, 1 облыс әкімі және 5 облыс әкімінің орынбасары бар. Тағы бір түлек қала әкімі болса, қала әкімінің орынбасары қызметін істеп жүрген 1 түлегіміз бар. Ал аудандық және ауылдық деңгейдегі 5 әкім «Болашақ» түлегі болса, 1 Төтенше және өкілетті елші, 1 Еуразиялық экономикалық комиссияның экономикалық және қаржы саясаты бойынша министрі, 2 Парламент мәжілісінің депутаты бар. Солардың барлығы ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар.

Ал болашақтықтардың жеткен жетістігіне тоқталар болсам, «Болашақ» түлектерінің бастамасымен, солардың қажырлы еңбегімен еліміз көлемінде жүздеген ғылыми жұмыстар, білім, денсаулық, мәдениет және өндірістік салаларда жүзден астам әлеуметтік жобалар жасалды.

Жүрек ауруына шалдыққан 2000-нан астам адамға операция жасалып, 1700-ден астам халықаралық стандарттар мен емдеу алгоритмдері енгізілді.

– «Болашақтықтарға» мемлекет қарапайым бітірушілерден басқаша қарайды» деген пікірге не айтасыз?

– Мен жалпы «болашақтықтарды» қоғамнан бөліп қараструға қарсымын. Қараңыз, мен сізге Халықаралық бағдарламалар орталығы жүргізген деректерді ұсынайын.

2010-шы жылдары жүргізілген орталық жайлы зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, жалпы алып қарағанда «болашақтырдың» жалақысы, басқалармен салыстырмалы түрде алып қарағанда орта есеппен біршама жоғары болып келген.

Ал, енді қараңыз, кешегі министрлікте жұмыс жасап жүріп, шетелге оқуға кеткен азамат қайтіп келген кезде ең алдымен шетел тілін еркін меңгерген, қолында халықаралық дәрежедегі дипломы бар азамат ретінде қабылданады. Әрине, әлемнің үздік оқу орнынан білім алып, өз саласының үздік маманы болып отырған адамның қызметі де өседі, осыған сәйкес жалақысы да өседі. Осы жағдайды ескерген жөн. Яғни шетелде білім алған, шет тілін меңгерген кез-келген маманның нарықтағы сұранысы өседі, осыған сәйкес табысы артады. Алайда, ол қоғамнан бөлініп кеткен жоқ қой. Сол мемлекеттік қызметте, өз саласында, елімізге қызмет етіп жатыр.  Сонымен қатар, көптеген жоғары оқу орындары мен мекемелер өздері тапсырыс беріп кадрларды даярлатып отыр.

– Болашық түлектерінің жетістіктерін бағалап, ғылыми қорытынды шығарып отырған ұйым бар ма?

– Бар. Мысалы, «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығын тойлау қарсаңында Назарбаев Университетінің ғалымдары ел экономикасын дамытуда болашақтықтардың қосқан үлесін сараптап көрді. Нәтижесінде «Болашақ» түлегінің кез келгені өзі қызмет істеген жерге тек қана жетістік әкелетінін көрдік. Себебі, «болашақтықтар» ұжымдық жұмыстың белсенді қатысушы ғана емес, сонымен қатар сол ортаның өмір сүру сапасын жақсарту мен басқару механизмдерін жетілдірудің әрі ізденуші, әрі зерттеушісі. Олардың шартсыз көрсеткіштері – қазақстандық ұйымдар негізінде құрылған түрлі ғылыми және тәжірибелік зертханалар.

Назарбаев Университетінің ғалымдары «Болашақ» түлектерін Қазақстан экономикасының кез келген саласында көшбасшылық қабілетке ие трансформатциялық жетекшілер деген баға берді.

Олар бүгінде нағыз жетістікке қол жеткізген білімді адамдардың қандай болатынын танытатын дәрежеге жетті. Сапалы білім, кәсібилік шеберлік, көптілділік бітірушілердің барлық салаларда, ол – саясат, экономика немесе әлеуметтік сала болсын, олардың бәсекеге қабілеттілігі мен сұранысқа ие маман екендіктерін көрсете алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Балжан Жеңісқызы