Жетінші арнада жеті саяси партияның қатысуымен сайлауалды дебат басталды

5 тамыз, 2026 / Ахмет Қанатұлы

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жоба тікелей эфирде «Жетінші арнада» көрсетіліп жатыр. Дебаттар басталар алдында саяси партиялардың өкілдері өз жақтастарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтіп, оның қорытындысы бойынша дебаттағы сөз сөйлеу реті белгіленді.

Дебаттардың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту.

Жоба интерактивті форматта өтіп, Қазақстандағы жеті саяси партияның өкілдерін біріктірді:

1. Respublica партиясы – Мейрамгүл Мадали;
2. «Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекей;
3. ЖСДП – Максут Насибулов;
4. «Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;
5. «Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;
6. «Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;
7. Қазақстанның Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов.

Дебаттар төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, ашық пікірталасқа қатысады. Екінші кезең білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған.

Үшінші кезеңде қатысушылар студиядағы көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Соңында сайлаушыларға қорытынды үндеу жасайды. Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру ұйымдастырылған. Көрермендер «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап бере алады. Дауыс берудің аралық нәтижелері екінші кезеңнен кейін, ал қорытындысы тікелей эфир соңында жарияланады. Телевизиялық дебаттың тікелей трансляциясы «Жетінші арнаның» эфирінде, сондай-ақ арнаның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында көрсетіліп жатыр.