Ұлттық ұлан қатарында 40-қа жуық егіз бірге қызмет етіп жүр

Бүгін, 14:49 / Ахмет Қанатұлы
Фото: polisia.kz

Қазақстан ІІМ Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде 40-қа жуық егіз бауыр Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Олардың арасында Астанадағы жедел мақсаттағы бригадада қызмет ететін Алмас пен Олжас Сүлейменовтер, сондай-ақ 6636 әскери бөлімінің сарбаздары Ростислав пен Ярослав Таран бар. Екі егіз жұп та Павлодар қаласында дүниеге келген.

Сүлейменовтер елордадағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады. Ал Тарандар әскери бөлімдегі қарауыл қызметін атқарады.

Әріптестерінің айтуынша, алғашқы кезде егіздерді бір-бірінен ажырату қиын болған. Уақыт өте келе сарбаздарды мінезі, сөйлеу мәнері және қарым-қатынас ерекшеліктері арқылы тануды үйренген.

5573 әскери бөлімінде қызмет ететін Алмас Сүлейменов туған бауырымен бірге әскери міндет атқаруды үлкен мәртебе санайтынын айтты.

"Бала кезімізден бірге өстік, енді Отан алдындағы борышымызды да қатар өтеп жүрміз. Бір-бірімізді үнемі қолдап, қиындықтарды бірге еңсереміз. Елімізге иық тіресе қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз", – деді ол.

Ұлттық ұлан мәліметінше, егіздердің бір бөлімде қызмет етуі олардың өзара қолдауына және әскери ортаға тез бейімделуіне көмектеседі.

Тэгтер:

ұлттық ұлан