Мәскеудегі Троекуров зиратынан Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың ұлы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Айдар Ақаевтың жерленген орны табылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Зираттан түсірілген видеоны танымал тұлғалардың қабірлері туралы контент жариялайтын блогер Наиль Валиев Instagram парақшасында бөліскен.
Оның айтуынша, Троекуров зиратының мұсылмандар жерленген бөлігінде орналасқан бесік пішініндегі ерекше ескерткіш бірден назар аударған. Блогер бұл аумақта көптеген белгілі тұлғаның қабірі бар екенін де атап өтті.
Айдар Ақаев 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға үйленген. Олардың некесі шамамен үш жылға созылып, 2001 жылы ажырасумен аяқталған.
Кейін Айдар Ақаев қырғызстандық тележүргізуші Сайкал Чокубаеваға үйленген.
Айдар Ақаев 2020 жылғы 5 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының сол кездегі мәліметінше, оның өліміне жүрек талмасы себеп болған.