Солтүстік Кореяда аптап ыстықта ит етінен дайындалған сорпа ішуге кеңес берілді

Бүгін, 14:14 / Ахмет Қанатұлы
KCNA via REUTERS

Солтүстік Кореяның мемлекеттік басылымдары аптап ыстық кезінде халыққа ит етінен дайындалған сорпа ішуге кеңес берді. Корей түбегінде ауа температурасы 36,7 градусқа дейін көтерілген, деп хабарлайды Reuters.

КХДР-дың мемлекеттік ақпарат құралдары жаздың ең ыстық кезеңін жеңіл өткізуге көмектесетін тағамдар қатарында ит етінен пісірілген сорпаны атаған.

Биліктегі партияның «Родонг Синмун» газетінде 2 тамызда жарияланған материалда Пхеньян орталық ауруханасы дәрігерінің кеңестері берілген. Ол аптап күндері ит етінен әзірленген сорпа, қарбыз, қияр және балық ботқасын тұтынуды ұсынған.

Reuters мәліметінше, басылым ит етінен жасалатын сорпаға арнайы материал арнап, оны дәстүрлі жазғы тағам ретінде сипаттаған. Сондай-ақ халық арасында тараған «жаздың ең ыстық күндері ит етінен пісірілген сорпаны аяғыңа төгіп алсаң да, пайдасы тиеді» деген мақалды келтірген.

Басылым биыл елде ит етінен дайындалатын тағамдар бойынша ұлттық байқау өткенін де жазған.

Сонымен қатар мемлекеттік БАҚ Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның аптап ыстыққа қарамастан жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен.

Ал Оңтүстік Кореяда аптап ыстық салдарынан жиырмаға жуық адамның қайтыс болғаны хабарланған. Солтүстік Корея билігі ыстыққа байланысты өлім-жітім туралы ресми мәлімет жарияламаған.

Тэгтер:

Солтүстік Корея