2026 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды

Бүгін, 15:35 / Ахмет Қанатұлы
Студент. Көрнекі фото: pexels.com

Қазақстанда 2026 жылғы мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

Ведомство мәліметінше, биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант есебінен білім алу мүмкіндігіне ие болды.

2026 жылы білім гранттарын тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 14 мыңға көп. Министрлік мұны жоғары білім алуға деген сұраныстың әлі де жоғары екенімен байланыстырады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы ұзақ мерзімді қажеттілікке қарай қалыптастырылған. Президент тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді.

Сонымен қатар өңірлерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында «Серпін» жобасы бойынша Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарына 2 мыңнан астам грант қарастырылған.

Гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттарға арналған квоталар да сақталды. Бұған қоса халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған мүмкіндіктер қарастырылған. Әскери борышын өтегендерге 1816 грант бөлінді.

Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәлігі үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады.

Ал жоғары оқу орындарына құжат тапсыру 25 тамызға дейін, осы күнді қоса алғанда, жалғасады.

Тэгтер:

білім грант грант 2026 грант тізімі 2026