Астанада басына кондиционер құлап, көп қан жоғалтудың салдарынан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел мен оның анасы Эльза Ерманова қоғам тарапынан өздеріне айтылып жатқан сынға жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Олар “Народная партия Казахстана” арнасына сұхбат беріп, соңғы уақытта әлеуметтік желіде талқыланған мәселелерге қатысты пікір білдірді.
Әділеттің анасы Ұлдананың туыстары келінінің қазасынан кейін ұлына бір жыл күту керек деген ұстанымда болғанын айтты. Алайда оның өзі жұбайынан айырылған баласының ауыр жағдайын көріп, оның өмірін жалғастырғанын қалаған.
Эльза Ерманованың сөзінше, ол сол кезеңде ұлы үшін қатты алаңдаған. Баласының қайғыдан өзіне қол жұмсап қоюынан қорыққанын да жасырмады.
«Ешбір заңда “бір жыл, жарты жыл күту керек” деп жазылмаған. Мен баламның күліп жүргенін қаладым. Түні бойы “өзіне бір нәрсе істеп қоя ма?” деп алаңдап, күзетумен болдым. Одан асқан қайғы жоқ. Мені барлық ана түсінеді деп ойлаймын.
Кім не десе, о десін. Мен ұлымның күліп, жадырап жүргенін қаладым. Ол қанша жерден ақыл тоқтатқан ер адам болса да, мен үшін 100 жасқа келсе де бала болып қала береді», – деді Эльза Ерманова.
Осылайша, Әділет Зейнелдің қайта үйленуіне байланысты қоғамдағы түрлі пікірлерге оның анасы да өз көзқарасын білдірді.