Ресейдің Алтай Республикасында болған жол-көлік оқиғасынан екі Қазақстан азаматы қаза тапты. Кейін олардың ерлі-зайыпты екені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәліметке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жеке көлікпен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына бара жатқан. Көліктегі жолаушылардың барлығы бір-біріне туыс болған.
Алдын ала дерек бойынша, қарсы бағытқа шығып кеткен көлікті 31 жастағы жергілікті әйел басқарған. Оның жүргізуші куәлігі болмағаны және рульге мас күйінде отырғаны айтылады.
Апат салдарынан 41 жастағы Хабыз Рахымбай мен оның 44 жастағы жұбайы Құралай Құсайынқызы оқиға орнында көз жұмған.
Марқұмдардың артында алты баласы қалды.
«Қайтыс болғандар ерлі-зайыпты еді. Әйелі алдыңғы орындықта отырған. Көліктегі адамдардың барлығы туысқандар. Олармен жолға шығар алдында кездесіп, дәмдес болған едім», – деді отбасының танысы Жарқынбек Ахметсакиұлы.
Көлікте болған өзге жолаушылар да түрлі жарақат алған.
Қайғылы жол апаты 27 шілде күні шамамен сағат 20:30-да Алтай Республикасының Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылы маңында болған.