Қазақстанда Абай есімді қанша адам бар?

Бүгін, 11:47 / Ахмет Қанатұлы
Абай Құнанбаев. Фото: facebook.com/nabrk.kz

Қазақстанда бүгінде Абай есімін иеленген 18 961 адам бар. Ұлттық статистика бюросы Абай күніне орай ұлы ақынның есіміне қатысты қызықты деректерді жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Абай есімі ең көп кездесетін өңір – Астана. Елордада бұл есімді 2 186 адам иеленген. Одан кейін Түркістан облысы – 2 008 адам және Алматы қаласы – 1 740 адам тұр.

Қазақстандағы Абай есімді ең қарт адам 1932 жылы дүниеге келген. Ал бұл есімді иеленгендердің ең көп бөлігі 30-34 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Олардың саны 3 267 адамға жетеді.

Абай есімі жаңа туған сәбилерге де жиі қойылады. 2026 жылдың алғашқы алты айында 91 нәрестеге осы есім берілген.

Қызығы, Абай есімі дәстүрлі түрде ер адамдарға қойылғанымен, Қазақстанда Абай есімді 9 әйел де тіркелген.

Ұлы ақынның шын есімі – Ибраһим де ел арасында кең таралған. Ибраһим, Ибрагим және Ибрахим нұсқаларын қоса есептегенде, Қазақстанда бұл есімді 37 844 адам иеленген.

Абай Құнанбайұлының есімі Қазақстанның географиялық атауларынан да кең орын алған. Елде ақынның құрметіне бір облыс, бір қала, үш аудан және 26 ауыл аталған.

Тэгтер:

Абай Құнанбаев Абай күні