Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың мұрасы елдің рухани дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz, akorda.kz-ке сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы қазақ және әлем мәдениетінің қазынасында ерекше орын алады. Оның өсиеттері халық үшін адамгершілік бағдар әрі өмірлік жол көрсеткіш болып қала береді.
«Ол қоғамдағы мәселелерді бүкпесіз айтып, елді жалқаулық пен енжарлықтан сақтандырды. Абайға тиесілі «Толық адам» идеясы - мазмұны терең, қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтын тұжырым. Бұл - адамның өзін жетілдіруі мен рухани өсуінің жолы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биылғы Абай күні елдегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгенін айтты. Қазақстанның Халықтық Конституциясы күшіне еніп, билік институттарын жаңарту үдерісі басталғанын атап өтті. Сондай-ақ осы айда ел тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтетінін еске салды.
Президенттің сөзінше, жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - Қазақстанның дамуына тың серпін беру және қоғамдағы жасампаз құндылықтарды нығайту.
Тоқаев жаңа қоғамдық әдепті қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті күшейту және гуманистік құндылықтарды дәріптеу ісінде Абай мұрасының маңызы зор екенін жеткізді. Ұлы ақын халықтың болашағын білімге ұмтылу, еңбекқорлық, жауапкершілік, бірлік пен татулықтан көрген.
«Қара сөздер» - қазіргі Қазақстанның құндылықтар жүйесін нәрлендіретін сарқылмас қайнар. «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» тұжырымдамалары Абай армандаған үйлесімді қоғамның негізін құрайды. Біз қазір Әділетті, Қуатты, Прогрессивті Қазақстанды құрып жатырмыз», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Абай мұрасы алдағы уақытта да шынайы отаншылдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге қызмет ететініне сенім білдірді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандыққа зор денсаулық, бақ-береке және жаңа жетістіктер тіледі.