Қазақстанда 10 тамыздан бастап тамыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Тестілеу 14 тамызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл тамыз ҰБТ-сына қатысу үшін 30 мыңнан астам өтініш қабылданған. Талапкерлердің 65 пайызы тестті қазақ тілінде, 35 пайызы орыс тілінде тапсырады. Ал 100 талапкер ағылшын тілін таңдаған.
Тестілеудің алғашқы күнінде 6,7 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырады.
Министрлік мәліметінше, тамыз ҰБТ-сына биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері қатыса алады.
Сондай-ақ тестілеуге қандастар, шетелде орта білім алған түлектер, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа даярлау бағыттарына ауысуды жоспарлаған студенттер қатысады.
Бұдан бөлек, өзге білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттерге де ҰБТ тапсыруға мүмкіндік берілген.
Ал алдыңғы оқу жылында шекті балл жинай алмай, жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылданған азаматтар да тамыз ҰБТ-сына қатыса алады.
Сонымен қатар колледж түлектері өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастырғысы келсе, әңгімелесу нәтижесі арқылы оқуға түсе алады. Мұндай жағдайда қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүргізеді.