11 жыл шаш қимаған үндістандық бойжеткен әлемдік рекорд орнатты

Бүгін, 13:08 / Ахмет Қанатұлы
Рену Дхариял. Фото: instagram.com/guinnessworldrecords

Үндістан тұрғыны Рену Дхариял әлемдегі шашы ең ұзын әйел атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның шашының ұзындығы 2 метр 71,5 сантиметрге жеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Рекорд 2026 жылдың сәуірінде ресми түрде тіркеліп, тамыз айының басында Гиннестің рекордтар кітабы тарапынан жарияланды.

Рену бұған дейінгі рекорд иесі, украиналық Алия Насырованы басып озған. Насырованың шашының ұзындығы 257,33 сантиметр болса, үндістандық бойжеткеннің шашы одан 14 сантиметрден аса ұзын.

Қызығы, Ренудың шашы әлем тарихындағы ең бойшаң адам Роберт Уодлоудың бойынан небәрі бір сантиметрге қысқа. Уодлоудың бойы 272 сантиметр болған.

Рену Дхариял шашын 2015 жылдан бері қимағанын айтады. Оның мұндай шешім қабылдауына үнді мәдениетіндегі ұзын шашқа деген ерекше көзқарас әсер еткен.

"Мен шашымды 2015 жылдан бері үздіксіз өсіріп келемін. Үнді мәдениетінде ұзын шаш ерекше сұлулық пен дәстүрдің белгісі. Мені осы түсінік жігерлендірді", – дейді ол.

Алайда осыншама ұзын шашты күтіп-баптау оңай емес. Бойжеткен шашын жууға, кептіруге және тарауға бірнеше сағат жұмсайды. Күнделікті қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін оны көбіне ұзын етіп өріп қояды.

Рену шаш күтімінде химиялық қоспаларды қолданбайтынын, оның орнына өзі дайындаған майлар мен сусабындарды пайдаланатынын айтқан.

Тэгтер:

Үндістан шаш Рену Дхариял