Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад сырттай өлім жазасына кесілді

Бүгін, 15:22 / Ахмет Қанатұлы
Башар Асад. Фото: Borna News/Matin Ghasemi/Aksonline ATPImages/Getty Images

Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа өлім жазасы тағайындалды. Дамаск соты үкімді 11 тамызда сырттай шығарды. Қазіргі уақытта Асад Ресейде тұрып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сот Башар Асадты қасақана кісі өлтіру, азаптау, заңсыз қамау және адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша кінәлі деп таныған. Іс Сирияда 2011 жылы басталған толқулар мен одан кейінгі қарулы қақтығыс кезіндегі оқиғаларға байланысты қаралды.

Онымен бірге Асадтың бауыры Махер Асад пен немере ағасы, Дераа провинциясындағы саяси қауіпсіздік бөлімін басқарған Атеф Наджиб те өлім жазасына кесілді. Башар мен Махер Асадқа қатысты іс сырттай қаралса, Атеф Наджиб сотқа қатысқан.

Атеф Наджиб 2011 жылы Дераадағы үкіметке қарсы наразылықтарды күшпен басуға қатысы бар деген айыптармен сотталған. Дәл осы өңірдегі оқиғалар кейін Сириядағы ұзаққа созылған қақтығыстың басталуына түрткі болған еді.

Башар Асад 2024 жылдың желтоқсанында оның билігі құлағаннан кейін Сириядан кетіп, Ресейге барған. Бұл үкім Асадқа қарсы Сирияда шығарылған алғашқы сот үкімдерінің бірі саналады.

Тэгтер:

сирия Башар Асад