«Халық үні» тәуелсіз байқаушылар тобы еліміздің өңірлерінде байқаушыларды даярлау және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқыту жұмыстарына «Халық үні» тобының мүшелері Нұрболат Нышанбай мен Бекнұр Кисиков қатысып, байқаушыларға сайлау барысындағы негізгі міндеттер, құқықтар мен жауапкершілік, дауыс беру үдерісін бейтарап бақылау және ықтимал заң бұзушылықтарды тіркеу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Оқыту барысында теориялық ақпаратпен қатар, сайлау күні туындауы мүмкін түрлі жағдайлар талқыланып, байқаушыларға нақты тәжірибелік ұсынымдар берілуде. Негізгі мақсат — сайлау үдерісін заң талаптарына сай, ашық әрі бейтарап байқауға дайын азаматтарды қалыптастыру.
«Халық үні» алдағы уақытта да өңірлердегі даярлау жұмыстарын жалғастырып, байқаушылардың кәсіби және құқықтық дайындығын күшейтуге басымдық береді.