Жантүршігерлік апат: 254 адам тіл тартпай кетті

Бүгін, 10:25 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Колумбияның батысында болған қуатты жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 254 адамға жетті. Табиғи апат дүйсенбі, 10 тамызда болған. Магнитудасы 7,4 балға жеткен жер сілкінісі елдің бірнеше өңірінде қатты сезілген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ең көп зардап шеккен қалалардың қатарында Перейра мен Кали бар. Алдын ала мәлімет бойынша, Перейрада 101 адам, Калиде 95 адам қаза тапқан. Қираған ғимараттар мен үйінділердің астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. 

Жер сілкінісі салдарынан мыңнан астам үй бүлініп, бірқатар ғимарат толық қираған. Мыңдаған тұрғын баспанасыз қалған. Табиғи апаттан кейін жүзден астам қайталама дүмпу тіркелген. 

Құтқару жұмыстары әсіресе Чоко өңірінде қиындап отыр. Бұл аймақтың шалғай орналасуы, жолдардың зақымдануы және байланыс желілерінің үзілуі зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жинауға кедергі келтіруде. 

Құтқарушылар үйінділерді арнайы техникамен қатар, кей жерлерде қолмен де тазалап жатыр. Оқиға орнында жергілікті тұрғындар мен еріктілер де іздеу жұмыстарына көмектесуде. Кейбір адамдардың үйінді астынан тірідей шығарылғаны хабарланды. 

Ел билігі апат аймақтарындағы құтқару және гуманитарлық жұмыстарды күшейтті. Бірқатар мемлекеттер Колумбияға гуманитарлық және техникалық көмек көрсетуге дайын екенін білдірді. 

Тэгтер:

апат жер сілкінісі марқұм