Қытайда тірі бақа салынған шай трендке айналды ма? (ВИДЕО)

Бүгін, 12:05 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Қытайда стақанға тірі бақа салып, шай ішу жаңа трендке айналғаны туралы видео тарап жатыр. Ролик авторы мұны жергілікті дәстүр және қытай медицинасының бір бөлігі ретінде көрсеткен. Алайда ақпаратты тексерген мамандар оның шындыққа жанаспайтынын анықтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Желіде тараған кадрларда ер адам ішінде тірі бақа отырған сусынды түтікше арқылы ішіп жатқандай көрінеді. Видео қысқа уақытта көпшіліктің назарын аударып, "Қытайда бақа қосылған шай сәнге айналды" деген пікірлер тараған.

Алайда роликті мұқият қарағанда, ер адамның түтікшені аузына апарғанымен, сусыннан шын мәнінде ұрттамағаны байқалады.

Видео хайп үшін түсірілген

Деректерге сәйкес, бұл – көп қаралым жинау мақсатында арнайы түсірілген қойылымдық видео.

Ролик авторы әлеуметтік желіде осыған ұқсас ерекше әрі таңғаларлық контент жариялаумен айналысады. Оның аудиториясының көлемі де мұндай әрекетті Қытайдағы жаппай тренд деп атауға жеткіліксіз.

Сондықтан "қытайлықтар тірі бақа салынған шай іше бастады" деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Қытай медицинасына қатысы жоқ

Видеода айтылғандай, стакандағы тірі бақаның дәстүрлі қытай медицинасына немесе Қытайдың ұлттық әдет-ғұрыптарына қатысы бары туралы дәлел жоқ.

Керісінше, тірі қосмекенділерді сусынға немесе тағамға осылай пайдалану адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Мамандар бақалар түрлі бактериялар мен паразиттерді тасымалдауы ықтимал екенін ескертеді. Сондықтан әлеуметтік желідегі ерекше видеоларды қайталау денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.

Осылайша, желіде тараған "Қытайда тірі бақа салынған шай жаңа трендке айналды" деген ақпарат – жалған. Видео көпшілік назарын аудару үшін арнайы түсірілген контент болып шықты.

Тэгтер:

бақа Шай