Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында әкесімен сегіз жыл бойы араласпай кеткенін және кейін қарым-қатынастарын қалай қалпына келтіргенін әңгімеледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Арсеннің айтуынша, әкесімен ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы кездесуі 2024 жылдың 17 сәуірінде болған. Сол кезде ол әкесінен материалдық көмек немесе қандай да бір мүмкіндік күтпейтінін бірден айтқан.
"Маған сенің қаржылық мүмкіндігің де, билігің де қажет емес екенін айттым. Сегіз жыл ішінде "әкем бар" деген сезімнен айырылып қалдым. Сол сезімді қайтадан сезінгім келді. Мұның адамның өзіне деген сеніміне де әсері бар екен. Әкеммен қайта байланысуыма себепкер болған бауырым Әминаға алғысым шексіз", – деді Арсен.
Ол осы уақыт аралығында сегіз жыл Канадада тұрып, кейін Мәскеудегі консалтинг агенттігінде еңбек еткенін жеткізді. Әкесімен қарым-қатынасы түзелгеннен кейін Тұрсын Алагөзов ұлына Шымкенттегі сыра зауытын басқаруды ұсынған.
Арсен бұл шешімін анасы, кәсіпкердің бұрынғы жұбайы Ләйсара Маратованың да қолдағанын айтты.
"Анам қатты қуанды. Бірден "сенің қолыңнан келеді" деп жігерлендірді. Оның мен үшін әр түн сайын дұға ететінін білемін және оны күн сайын сезінемін", – деді ол.
Қазір Арсен Алагөзов Шымкенттегі сыра зауытының директоры қызметін атқарады. Ал әкесі кәсіпорынның қаржы, өндіріс және логистика бағыттарын қадағалайды.
Айта кетейік, Тұрсын Алагөзов 2024 жылдың ақпанында аталған кәсіпорынды Тимур Жаңабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алған. Кейін зауытқа шамамен 40 млн доллар инвестиция салынған. Оның 15 млн долларға жуығы жаңа өндірістік нысандар, қоймалар, жабдықтар мен қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.