Қазақстанның оңтүстігінде +44°C-қа дейін аптап ыстық болады

Бүгін, 08:56 / Ахмет Қанатұлы
shutterstock.com

14-16 тамыз аралығында Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа температурасы 40 градустан жоғары көтеріледі. Кей аймақтарда күн +44°C-қа дейін ысиды. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ескерту жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

14 тамызда ең жоғары температура Түркістан облысында күтіледі. Күндіз ауа температурасы +40...+44°C шамасында болады. Шымкентте де аптап сақталып, термометр бағаны +42°C-қа дейін көтеріледі. Өңірде өрт қаупі жоғары.

Алматы облысының солтүстігінде, сондай-ақ Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында ауа температурасы +40...+41°C-қа дейін жетеді.

Қарағанды және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде де күн қатты ысып, +41°C шамасында болады. Абай облысының оңтүстігінде де осыған ұқсас аптап күтіледі.

Астанада 14 тамызда оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Сонымен қатар өрт қаупі сақталады.

Алматыда күндіз ауа температурасы +35...+37°C шамасында болады.

Аптап ыстық демалыс күндері де жалғасады. 15 тамызда Ұлытау және Абай облыстарының оңтүстігінде температура +41°C-қа дейін көтеріледі.

15-16 тамызда Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде де +41°C-қа дейін ыстық болады.

Сол күндері Алматы облысының солтүстігінде және Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында ауа температурасы +43°C-қа дейін жетуі мүмкін.

Тэгтер:

ауа райы ауа райы болжамы 14 тамыз