Юрий Гагариннің қазасына не себеп болды: Жылдар бойы құпия сақталған нұсқа айтылды

Бүгін, 12:46 / Ахмет Қанатұлы
Фото-коллаж: Malim.kz

Кеңес Одағының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің қазасына басқа әскери ұшақтың қауіпті маневрі себеп болуы мүмкін. Бұл туралы кейін ғарышкер Алексей Леонов айтқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресми қорытындыда Гагарин мінген ұшақтың күрт маневр жасап, штопорға түсіп, жерге құлағаны көрсетілген. Алайда Леонов мұндай түсініктемемен келіспей, апатқа сыртқы фактор әсер еткенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, 1968 жылғы 27 наурызда Гагарин мен нұсқаушы Владимир Серегин жаттығу ұшуын орындап жүрген аймақта Су-15 әскери ұшағы пайда болған. Леоновтың нұсқасы бойынша, ол белгіленген ұшу тәртібін бұзып, рұқсат етілген биіктіктен төмен түскен.

Су-15 Гагариннің ұшағына тым жақын аралықтан өтіп кеткен. Соның салдарынан пайда болған күшті ауа ағыны Гагарин мен Серегин мінген ұшақтың тепе-теңдігін бұзған.

Осыдан кейін ұшақ штопорға түсіп, экипаж жағдайды түзетуге әрекет жасағанымен, биіктік жетпей қалған. Нәтижесінде ұшақ жерге құлап, Юрий Гагарин мен Владимир Серегин қаза тапқан.

Алексей Леонов кейінірек бұл нұсқаның құпия құжаттар ашылғаннан кейін расталғанын айтқан. Оның пікірінше, қайғылы оқиғаға әуедегі тәртіптің бұзылуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы әсер еткен.

Сонымен бірге Леонов комиссия мүшелері болған жағдайдың шынайы мән-жайын білгенімен, оны ұзақ уақыт бойы жарияламағанын да мәлімдеген.

Су-15 ұшағын басқарған пилоттың есімін ол ашпаған. Леоновтың сөзінше, бұл деректі жариялауға мүмкіндік болғанымен, пилоттың жасы мен денсаулық жағдайын ескеріп, оның атын атамауға уәде берген.

Дерек Malim.kz сайтынан алынды.

Тэгтер:

Юрий Гагарин