Әлеуметтік желіде Альбина есімді бойжеткеннің Шымкент тұрғындары туралы айтқан пікірі қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz, Ozgeris.info-ға сілтеме жасап.
Бойжеткен видеода шымкенттіктер туралы ойын айтып, оларды «арам» деп атаған.
«Шымкенттіктер өздеріне келгенде арам боласыңдар? Өзіне керек кезде іш-бауырыңа кіріп кете жаздайды. Өзіне керек кезде ат-тонын ала қашады. Астана келіп «южанның» түр-түрін көріп жатырмыз. «Әпше, әпше» деп жалпақтайды өзіне керек болғанда. Барлығы ондай емес, бірақ көбі сондай. Біз батыста ондайды көрмегенбіз», - деген ол.
Алайда оның бұл сөзі желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік бір адамның әрекетіне қарап тұтас қала тұрғындарына баға беруді дұрыс емес деп санап, бойжеткенді сынға алды.
Желіде бұл мәлімдеме өңірлерге бөлінуге және адамдардың арасына алауыздық салуға себеп болуы мүмкін екенін айтқандар да бар. Кейбір қолданушылар видео авторының өз сөзі үшін жауап беруін талап еткен.
«Бір адамның қателігін тұтас бір қалаға, бүкіл халыққа телу - ақылға сыймайтын надандық. Шымкенттіктер бұл кісінің киімін үстінен шешіп, не жеп отырған тамағын тартып алып па еді? Сын айтқың келсе нақты сол адамның аты-жөнін атап, әрекетін айт. Бүкіл өңірді қаралап, халыққа тіл тигізгені үшін жауап берсін», - деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Қазір бойжеткеннің мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, жұрт пікірі екіге бөлінген.