Алматыда 17 жыл бойы іздеуде жүрген күдіктіге қатысты сот үкімі шықты

Бүгін, 16:06 / Альфия Адамбек
Фото: freepik

Алматыда 2008 жылы адам өлтіру ісіне қатысты 17 жыл бойы халықаралық іздеуде болған күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні болған. Сот анықтағандай, сотталушы сыбайласымен бірге қылмыстық орта өкілімен жанжалдасып, оны Фурманов көшесіндегі үйдің маңында аңдыған. Кейін жәбірленушіге бірнеше рет оқ атылып, ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан.

Кісі өлтіруден кейін күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Оның сыбайласы сол жылдың жазында Қапшағайдағы демалыс орындарының бірінде болған қарулы оқиғадан кейін ұсталған.

Оқиға кезінде полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жарақат алған. 2009 жылы сыбайласы 23 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал негізгі күдіктіні іздеу жұмыстары жалғаса берген.

Тергеу мәліметінше, сотталушы қылмыстық ортада «Кинг-Конг» лақап атымен белгілі болған. Ол Қырғызстандағы белгілі қылмыстық авторитеттің айналасына кірген. Сонымен қатар Қырғызстан құқық қорғау органдары оны 2007 жылы Бішкекте көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздеген.

Күдікті ұзақ жылдар бойы Еуропа елдерінде жалған анкеталық деректермен жасырынып жүрген. 2025 жылдың тамызында ол Литва шекарасынан өту кезінде ұсталды. Сол жылдың қарашасында Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Сот оны адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өлтіруге көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Тэгтер:

алматы сот ақпарат