Қырғызстандағы Коромду шыңында жоғалып кеткен альпинистерді іздеу барысында үш адамның мәйіті табылды. Болжам бойынша, олар Беларусь пен Литва азаматтары болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
БелТА агенттігінің мәліметінше, бұл туралы Беларусь альпинизм және жартасқа өрмелеу федерациясының төрағасы Александр Годлевский хабарлаған.
Альпинистердің денелері таулы аймақты дронмен тексеру кезінде анықталған.
Жоғалған топ құрамында Беларусьтің екі азаматы – 43 жастағы Максим Полянский мен 60 жастағы Николай Свиридов, сондай-ақ Литваның 37 жастағы азаматы Сергей Рубцов болған.
Олар биіктігі 6612,5 метрге жететін Коромду шыңына көтерілуге аттанған. Алайда 4 тамыздан кейін альпинистермен байланыс үзілген.
Осыдан соң тауда іздеу-құтқару операциясы басталып, жұмысқа Беларусь пен Қырғызстан өкілдері жұмылдырылған. Арнайы бірлескен штаб та құрылған.
Іздеу барысында дрон үш адамның денесін анықтады. Алдын ала болжам бойынша, олар жоғалған альпинистер болуы мүмкін.