Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл шашқан ер адамға қатысты жаңа дерек шықты

Бүгін, 12:30 / Альфия Адамбек
Коллаж: видеодан кадр

Шымкентте бұрынғы күйеуі қышқыл шашқан әйелге қатысты істің жаңа мән-жайлары жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

НеМолчиКЗ қозғалысы өкілдерінің мәліметінше, күдікті әйелдің телефонына өзінің жаңа нөмірін жасырын түрде сақтап, оны «Айнұр клиент» деп тіркеген. Кейін осы нөмірден әйелге хабарласып, таңғы сағат 5-те ұшақ пен такси дайын болатынын айтып, оны сұлулық салонына шақырған.

Ақша қажет болғандықтан, әйел үйіне жақын орналасқан салонға барған. Алайда сол жерде оны аңдып тұрған ер адам канистрдегі күкірт қышқылын шашқан.

Жәбірленуші шабуыл жасаған адамның кім екенін бірден танымаған. Себебі күдікті каска, қолғап және арнайы киім киіп келген.

Қазір зардап шеккен әйел ауруханада ем қабылдап жатыр. Оған тергеуші келіп, қосымша жауап алғаны айтылды.

НеМолчиКЗ мәліметінше, күдікті бұған дейін екі рет үйленген. Жәбірленуші оның үшінші әйелі болған. Сондай-ақ оның әртүрлі некелерінен балалары бары және алимент төлемегені туралы ақпарат тарады.

Қозғалыс өкілдері шабуыл алдын ала жоспарланған болуы мүмкін деп санайды. Олар полициядан күдіктінің қышқылды қайдан және қалай сатып алғанын, интернеттегі іздеу тарихын, банк операцияларын, сондай-ақ шабуылға дайындық кезінде кімдермен байланысқанын тексеруді сұрады.

Тэгтер:

қылмыс шымкент отбасы