"Бірнеше күн ұйықтамадық": Бақытжан Базарбек резонансты жол апатынан кейін алғаш пікір білдірді

Бүгін, 14:49 / Ахмет Қанатұлы
Бақытжан Базарбек. Фото: t.me/mazhilis_kz

Жамбыл облысында болған резонансты жол апатынан зардап шеккен ер адамның жағдайы өте ауыр. Дәрігерлердің мәліметінше, ол қазір жансақтау бөлімінде комада жатыр және жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Kazinform мәліметінше, зардап шегуші ауруханаға 15 тамыз күні сағат 20:21-де жеткізілген. Оған политравма, ауыр бас-ми жарақаты, ми соғылуы, екі жақты бірнеше қабырға сынуы және оң жақ балтыр сүйектерінің ашық сынуы диагнозы қойылған.

Сонымен қатар дәрігерлер екі жақты гемопневмоторакс анықтаған. Осыған байланысты науқастың кеуде қуысына арнайы дренаждар орнатылған.

Медицина мамандары ер адамның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Ол медикаментозды ұйқы жағдайында, тыныс алуы аппарат көмегімен қамтамасыз етілуде. Қан айналымы мен артериялық қысымын тұрақтандыру үшін арнайы препараттар қолданылып жатыр.

Науқасты облыстық нейрохирург, реаниматолог және торакалды хирург қарап, әрі қарайғы емдеу тәсіліне қатысты ұсыныстар берген.

Ал полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі жолдың жүргін бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.

Әлеуметтік желілерде жол апатына бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысы бар екені туралы ақпарат тараған. Кейін Базарбек оқиғаға байланысты алғаш рет пікір білдірді.

Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу аясында өзі мен жұбайы ақпаратты жария етпеу туралы қолхатқа қол қойған. Сондықтан әзірге оқиғаның барлық егжей-тегжейін айта алмайтынын жеткізген.

"Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін", – деп жазды ол.

Бақытжан Базарбек қазір өзі үшін ең маңыздысы – зардап шеккен азаматтың жақындарының жанында болып, оларға қажетті көмек көрсету екенін айтты.

Оның сөзінше, бірнеше күн бойы зардап шегушінің туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп жүр. Сондай-ақ ол жедел медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірген.

Бұрынғы депутат әлеуметтік желіде тараған түрлі болжамдарға қатысты асығыс қорытынды жасамауға шақырып, ресми ақпарат пен тергеу нәтижесіне сүйенуді сұрады.

Тэгтер:

жол апаты Бақытжан Базарбек