Ұшқыштар есінен танып, ұшақ үш сағат өздігінен ұшты: 121 адамның өмірін қиған жұмбақ апат

Бүгін, 15:51 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

2005 жылдың тамызында болған Helios Airways әуе компаниясының 522-рейс апаты Грекия азаматтық авиациясындағы ең ауыр трагедиялардың бірі ретінде тарихта қалды. Бортында 121 адам болған Boeing 737 бірнеше сағат бойы автопилотпен ұшқан. Сол уақытта экипаж бен жолаушылардың басым бөлігі есінен танып қалған еді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бір ғана қателік қайғылы жағдайға ұласты

Апатқа алып келген оқиғалар ұшақ Ларнака әуежайынан көтерілмей тұрып басталған.

Сол күні мамандар лайнердің герметизация жүйесін тексеру кезінде қысымды басқару тетігін басқа режимге ауыстырған. Алайда техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін оны автоматты режимге қайтармаған.

Ұшу алдындағы тексеріс кезінде экипаж да бұл жайтты байқамай қалған. Нәтижесінде ұшақ биіктікке көтерілгенде салондағы қажетті қысымды автоматты түрде ұстап тұратын жүйе іске қосылмаған.

Экипаж дабылдың себебін бірден түсінбеген

Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай кабинада ескерту сигналы қосылған. Алайда ұшқыштар оның герметизация жүйесіне қатысты екенін бірден аңғармай, басқа техникалық ақауды іздеуге кіріскен.

Осы аралықта ұшақ ішіндегі оттегі мөлшері азайып, адамдар гипоксияға ұшырай бастаған. Біраз уақыттан кейін экипаж мүшелері мен жолаушылардың көпшілігі есінен танып қалған.

Ал автопилоттағы Boeing бағытын жалғастырып, Грекия әуе кеңістігіне жеткен. Диспетчерлер ұшақпен байланыс орната алмаған соң, лайнер Афина маңындағы әуе кеңістігінде айналып ұша берген. Осылайша борт бірнеше сағат бойы ешкім басқармайтын «елес ұшаққа» айналған.

F-16 ұшқыштары не көрді?

Жолаушылар ұшағынан жауап болмаған соң, оны бақылау үшін Грекия Әскери-әуе күштерінің екі F-16 жойғышы жіберілген.

Әскери ұшқыштар Boeing-ке жақындағанда кабинадағы адамдардың қозғалыссыз отырғанын, ал салонда оттегі маскаларының түсіп тұрғанын байқаған.

Бірақ кейін кабинада бір адамның қозғалғаны көрінеді. Ол бортсерік Андреас Продрому болатын. Тасымалданатын оттегі баллондарын пайдаланған ол өзгелерге қарағанда есін ұзақ сақтай алған.

Продромуда шағын ұшақты басқаруға арналған лицензия болған. Ол кабинаға кіріп, жағдайды бақылауға алуға әрекет жасаған және әскери ұшқыштарға белгі берген. Алайда жолаушылар лайнерін басқаруға қажетті кәсіби дайындығы жеткіліксіз еді.

Жанармай таусылғаннан кейін ұшақ құлады

Бірнеше сағатқа созылған ұшудан кейін Boeing-тің жанармайы таусылған. Ақырында лайнер Грекиядағы Грамматико ауылы маңындағы таулы жерге құлаған.

Апаттан борттағы 121 адамның ешқайсысы аман қалмады.

Тергеу қорытындысында трагедияға бірнеше фактордың қатар әсер еткені көрсетілді. Герметизация жүйесінің дұрыс режимде болмауы, ұшу алдындағы тексеріс кезінде оның байқалмай қалуы және экипаждың ескерту сигналын дұрыс түсінбеуі ақырында орны толмас қайғыға әкелді.

Helios Airways 522-рейсінің тарихы авиациядағы бір қарағанда болмашы көрінетін техникалық және адами қателіктердің қаншалықты ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін көрсеткен ең қайғылы оқиғалардың бірі болып қалды.

Тэгтер:

Ұшақ Helios Airways