Бақытжан Базарбек жол апатынан кейін мәлімдеме жасады

Бүгін, 19:52 / Алуа Әшірбекова
Сурет: parlam.kz

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Бақытжан Базарбек оқиғаның мән-жайына қатысты расталмаған ақпараттарды таратпауға шақырды.

Оның сөзінше, өзі мен жұбайы сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламау туралы міндеттемеге қол қойған. Осыған байланысты ол жол апатының егжей-тегжейін әзірге айта алмайтынын жеткізді.

«Тергеу жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеу органдары заңға сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға беретініне сенімдімін», - деді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ ол зардап шеккен адамның дәрігерлердің бақылауында екенін мәлімдеді. Базарбектің айтуынша, өзі жақындарының жанында болып, оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр.

Бұрынғы депутат әлеуметтік желі қолданушыларын асығыс қорытынды жасамауға және тергеудің ресми нәтижесін күтуге шақырды.

Тэгтер:

#Тергеу #жол апаты #экс депутат