Гүлнар Бажкенованың сот отырысы тағы кейінге қалды

Бүгін, 00:52 / Алуа Әшірбекова
Сурет: Гүлнар Бажкенованың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот отырысы тағы да кейінге қалдырылды. Сотталушы денсаулығының нашарлағанын айтып, сот отырысына келмеген, деп хабарлайды Arasha.kz, Gazizaraimbeknews-ке сілтеме жасап.

Сот отырысы сағат 10:00-де басталған. Сот залына жәбірленушілер, прокурор және Бажкенованың адвокаты келген. Алайда түске дейін процеске қатысушыларға, тыңдаушылар мен БАҚ өкілдеріне сотталушының не себепті келмегені хабарланбаған.

Нәтижесінде судья сот отырысын белгісіз мерзімге кейінге қалдырды.

Қазір іс сот жарыссөзі кезеңінде. Бұған дейінгі отырыс 14 тамызда өткен. Сол күні Гүлнар Бажкеновадан жауап алынғаннан кейін сот жарыссөзге көшкен. Прокурор оны тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, жиынтық жаза ретінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды, жазаны орындауды 2 жылға кейінге қалдыруды сұраған.

Одан кейін жәбірленуші Мақсат Ғаниев сөз сөйлей бастаған. Алайда ол сөзін аяқтай алмаған. Оның айтуынша, сөзінің шамамен үштен бір бөлігіне жеткен кезде Бажкенова өзін нашар сезінетінін айтқан.

Қысқа үзілістен кейін судья адвокатқа Бажкенованың 17 тамыздағы сот отырысына қатысуын қамтамасыз етуді тапсырған.

Алайда 17 тамызда Гүлнар Бажкенова сотқа тағы келмеген. Соның салдарынан сот жарыссөзін жалғастыру мүмкін болмай, отырыс кейінге шегерілді.

Бұл сотталушының отырысқа алғаш рет келмеуі емес. 11 тамызда да Бажкенова сот отырысына қатыспаған. Сол кезде сот оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарған.

Осылайша, іс сот жарыссөзі кезеңінде тағы тоқтап тұр. Келесі сот отырысының күні әзірге хабарланған жоқ.

Тэгтер:

#Сот #Гүлнар Бажкенова #Сотталушы