Ұлыбритания архивінен Тоқаев туралы 1994 жылы әзірленген құжат табылды

Бүгін, 11:41 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

Ұлыбританияның Ұлттық архивінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туралы осыдан бірнеше онжылдық бұрын әзірленген құжаттар қолжетімді болды. Құжаттардың бірқатар үзіндісін әзербайжандық тарихшы Джамиль Гасанлы әлеуметтік желіде жариялаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәліметке сәйкес, 1994 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалғаннан кейін Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі ол туралы арнайы анықтама әзірлеген.

Британдық құжатта Тоқаевтың кәсіби дайындығына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, оның білімі, бірнеше шет тілін меңгеруі, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі дипломатиялық тәжірибесі көрсетілген.

Тарихшы Джамиль Гасанлы британдық тараптың сол кездегі бағасына қатысты пікір білдірді.

"Ведомство ол туралы өте қызықты анықтамалар дайындап, жақсы даярланған маман ретінде сипаттаған. Британдықтардың болжамы ақталды. Бүгінде Тоқаев өз халқымен санаспайтын посткеңестік кеңістіктегі жемқор және авторитарлық басшылардан айтарлықтай ерекшеленеді", – деп жазды Гасанлы.

Архив материалдарында Тоқаевтың сол кезеңдегі сыртқы саяси қызметі де қамтылған. Онда оның АҚШ, Канада және Өзбекстанға жасаған сапарлары, шетелдік әріптестерімен байланысы, сондай-ақ Қытаймен шекара маңында еркін экономикалық аймақтар құру жөніндегі ұсынысы сөз болған.

Жарияланған құжаттарға саяси шолушы Ғазиз Әбішев те назар аударған. Оның пікірінше, құжат Ұлыбританияның жоғары саяси басшылығына арналып әзірленген болуы ықтимал.

"Құжаттағы мекенжайға қарасақ, ол Ұлыбританияның саяси басшылығы үшін әзірленген болуы мүмкін. Өйткені Даунинг-стрит, 10 мекенжайында премьер-министрдің кеңсесі орналасқан.

Жалпы мұндай тәжірибе белсенді дипломатиялық қызметтердің көпшілігіне тән. Ал әлемдік ықпалға ұмтылатын мемлекеттерде, соның ішінде англосаксон елдері, олардың одақтастары мен қарсыластарында ұлттық элиталарды сараптау жүйесі жақсы жолға қойылған", – деп жазды ол.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания