«Халықты баладай алдағысы келеді» Перизат Мырзахмет концерт ұйымдастырушыларын сынады

Бүгін, 12:10 / Алуа Әшірбекова
Сурет: скриншот

Ақын Перизат Мырзахмет Дана Қарағұсованың мемлекеттік тілге қатысты көтерген мәселесіне үн қосып, Қазақстандағы ауқымды концерттерді ұйымдастыру барысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ол мұндай деңгейдегі концертте тілге қатысты жағдайды «форс-мажор» деп түсіндірумен келіспейтінін айтты. Перизат Мырзахмет бұған дейін Президенттің қатысуымен және стадиондарда өткен концерттерді ұйымдастыруға атсалысқанын атап өтті.

«Бұл форс-мажор болуы мүмкін емес. Біріншіден, бұл - әлемдік деңгейдегі концерт. Ұйымдастырушылар екі жақтан да 100 пайыз дайындалады негізі. Мен мұндай әлемдік деңгейдегі концерт дайындаған жоқпын, бірақ Президенттің қатысуымен концерттер дайындадым, стадиондарда концерттер дайындадық. Бізде әрбір кішкентай бөлшек жиналыстарда ақылдасылып, реттестіріледі. “Мына жерде мұндай жағдай болған кезде не болады? Кім жауап береді? Не қосылады?” – барлығы ақылдасады. Ол кішкентай концерттердің өзінде солай. Ал мына концерт стадионда өтіп жатыр, шетелден келетін қонақтар өте көп, өзіміздің қазақтардың бәрі барайын деп отыр, біздің мемлекетімізде болып жатыр. Сондықтан “байқамай қалдық, білмей қалдық” деген нәрсе мұндай үлкен деңгейдегі компанияның ақталуына келмейді».

Ақынның айтуынша, көпшіліктің наразылығын тудырған мәселе тек қазақ тілінің қолданылмауы емес. Ол ұйымдастырушылардың кейінгі әрекеті де халықтың ашуына тигенін айтты.

«Халықты ашуландырған - олардың бірінші кезекте тілді қолданбауы. Бірақ екінші кезекте халықты бала сияқты алдағысы келетіндерінде. Кризис-менеджерлерінің түрі – тез-тез орыстілді блогерлерге хабарласып, барлығына бір мәтінді жіберіп, “мынаны жазып беріңдер” деу. Ол заман баяғыда өтіп кеткен. Халыққа ондай менеджмент өтпейді. Қазақтарды басынан сипап, қоя салатын сияқты көреді. 20 жыл бұрын сондай өтетін шығар. “Ой, аңқау, енді-енді есін жиып жатқан халық, иә-иә деп, жарайды, білмей қалыпты ғой мына байғұстар” дейтіндей. Қазір жастардың бәрі біледі ол концерттердің қалай өтетінін».

Перизат Мырзахмет қазақстандық жастардың әлемнің түрлі елдеріндегі ірі концерттерге барып жүргенін айтып, шетелдік ұйымдастырушылардың жергілікті елге деген қарым-қатынасын мысалға келтірді.

«Біздің бәріміз шетелдік концерттерге барып жүрміз. Біз Канье Уэстің Алматыдағы концертіне мұқтаж болып отырған қазақ емеспіз. Қазақ жастары шетелдік концерттерге барады. Мұндай жағдайды көрген емес. Дәл сондай жағдай болғанның өзінде шетелдік компаниялардың қалай дайындалатынын, қандай құрметпен қарайтынын көреді. Мен, мысалы, Индонезияда BLACKPINK-тің концертінде болдым. Сонда концерт Индонезияның әнұранымен басталды. Ойлаңызшы! Біздің концерттерде әлі ондай нәрсе миымызға кіріп те шықпайды. Біз “Қазақстан, сәлем!” деген екі ауыз сөзге мәз боламыз. Ал ол - сол жердің еліне, жеріне, тіліне, дініне, діліне деген құрмет».

Сондай-ақ ақын ұйымдастырушылардың техникалық ақауға байланысты басқа тілдегі мәтін қосылып кеткені туралы түсіндірмесіне күмән келтірді.

«Ашуландыратын екінші мәселе -  “пульт менеджерлердің қолында болды, содан түрік тілінде қоя салды” дейді. Түркияда орыс тілін қолданды дегенге мен, біріншіден, сенбеймін. Түркияда кім оны орыс тілінде оқып жатады? Түркияда түрікше болды. Ал неге оларда “бізде форс-мажор болып қалса, қай тілде жариялаймыз?” деген сұрақ бастарына келмеді? Яғни ол нәрсеге “бар ма сендерде мәтін? Болды, соны жаба салыңдар” деген бір немқұрайлық болды».

Перизат Мырзахметтің сөзінше, жағдайдан кейін ұйымдастырушылардың қатесін бірден мойындап, халықтан кешірім сұрауы әлдеқайда дұрыс шешім болар еді.

Тэгтер:

#концерт #тіл мәселесі #Перизат Мырзахмет #ұйымдастыру