"Қызымның денесі көгерген": 19 жастағы Мадинаның анасы күмәнді жайттарды айтты

Бүгін, 12:48 / Ахмет Қанатұлы
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасына қатысты марқұмның анасы жаңа мәліметтерді бөлісті. Ол қызының өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін айтып, денесінен түрлі жарақат белгілерін байқағанын жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мадинаның анасы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында қызының екі жыл бұрын тұрмысқа шыққанын айтты. Марқұмның артында 10 айлық ұлы қалған.

Әйелдің сөзінше, қызының қазасы туралы оған бірден хабарланбаған.

"Алматыдан бардым. Құдалардан "қызым қайда?" деп сұрадым. Қазір ауруханадан келеді деп айтты. Барайын десем, мені апарған жоқ. Қызымның қайтыс болғанын ешқайсысы айтпады. Көңіл айтқан жоқ. (…) Беті көгерген, денесі көгерген. Менің қызым ондайға барады деп ойламаймын. Шашында шөп бар. Сүйреген деп ойлаймын. Өздері өлтіріп… Күйеу бала ұрады, соғады", – деді марқұмның анасы.

Оның айтуынша, Мадина болашақ күйеуімен интернет арқылы танысқан. Кейін жігіт оны алып қашып, Мадина сол отбасында қалуға шешім қабылдаған.

"Күйеу бала 23 жаста, жұмыссыз. Қызымды алып қашты. Қызым "қаламын" деп айтты. Екеуі интернетте танысқан. Жаназаға құда-құдағи келмеді. Оларға бәрібір болып тұр", – деді ол.

Марқұмның анасы 13 тамызда қызымен сөйлескенін де жеткізді. Оның сөзінше, сол кезде Мадина бір "Барни" тәттісін жегеннен кейін күйеуімен жанжал туындағанын және өзін ұрғанын айтқан.

Анасы қызының денесінен көгерген және тырналған жерлерді көргенін мәлімдеді.

"Барлық жері көгерген, аяғы тырналған", – деді әйел.

Тэгтер:

Жамбыл облысы Мадина Рашидқызы