Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тоғыз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Рәсімге Молдова, Вьетнам, Корея Республикасы, Оңтүстік Африка Республикасы, Словакия, Германия, Әзербайжан, Словения және Намибия елдерінің дипломатиялық өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы сөзінде Қазақстанның күрделі геосаяси жағдайда да бейбітсүйгіш сыртқы саясат ұстанып отырғанын атап өтті.
"Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент дипломаттарға Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы саясаты туралы да айтты. Оның сөзінше, ел шетелдік кәсіпкерлер мен халықаралық компанияларға қолайлы жағдай жасау бағытын жалғастырады.
"Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға да тоқталып, олардың жалғасы ретінде Құрылтай сайлауын атады.
Мемлекет басшысы елдегі өзгерістер халықаралық серіктестікті одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның аталған мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып, көпжақты ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.