Психолог Назым Есенова Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақ әйелдерінің тарихы, ислам және тәңіршілдік туралы пікір білдіріп, желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Видеода психолог өзінің қазақ болғанымен, мұсылман емес екенін ашық айтып, бұрын исламға ұзақ уақыт бойы теріс көзқараста болғанын жеткізді. Оның сөзінше, кейін бұл көзқарасының себебін түсіну үшін тарихты зерттей бастаған.
«Мен қазақпын, бірақ мұсылман емеспін. Ислам - менің дінім емес. Оның үстіне ұзақ уақыт бойы исламға теріс көзқараста болдым. Оның қайдан шыққанын түсіне алмадым, кейін тарихты зерттей бастадым», - дейді Назым Есенова.
Психологтың айтуынша, ертедегі дала қоғамында әйелдер тек үй шаруасымен шектелмей, атқа мініп, садақ атып, ру үшін маңызды шешімдер қабылдауға қатысқан. Ол Қазақстан аумағынан қару-жарақпен бірге жерленген әйелдердің қабірлері табылғанын айтып, оларды қоғамда беделі болған әйелдер ретінде сипаттады.
Сонымен қатар Назым Есенова XIV ғасырда Дешті Қыпшақ даласына келген саяхатшы Ибн Баттутаның жазбаларын мысалға келтірді. Оның сөзінше, саяхатшы қыпшақ әйелдерінің атқа мініп, жүздерін жаппай, ерлермен қатар қоғамдық істермен айналысқанын жазған.
Одан кейін психолог қазақтардың көне дүниетанымы ретінде тәңіршілдікті сөз етті.
«Қазақтардың өз сенімі - тәңіршілдік болған. Бұл үйреншікті мағынадағы дін емес, табиғатпен үйлесімді өмір сүру тәсілі», - дейді ол.
Назым Есенова Қарахан мемлекетінде исламның мемлекеттік дін ретінде қабылдануын да сөз етіп, мұны араб әлемімен сауда қатынастарын нығайтумен байланысты саяси шешім ретінде түсіндірді. Осы тұста оның айтқандары тарихи процестерге қатысты авторлық интерпретация екенін атап өткен жөн.
Психолог исламдану үдерісінен кейін дала әйелінің қоғамдық орны өзгерді деген пікірін де білдірді. Оның ойынша, бұрын еркін өмір сүрген әйелге кейін белгілі бір діни және әлеуметтік талаптар қойыла бастаған.
Сондай-ақ ол қазақтың кейбір салт-дәстүрлерінен көне дүниетанымның іздерін көруге болатынын айтты. Мысал ретінде қыз қуу дәстүрін, босанғаннан кейінгі қырық күнге қатысты ғұрыптарды және отпен аластауды атады.
«Тәңіршілдік біздің қанымызда қалды. Исламға деген қарсылықтың қайдан шығатыны да осы. Бұл - дала әйелі өзіне кім болу керектігін айтқанға дейін кім болғаны туралы тектік жады», - деді психолог.
Назым Есенованың бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларын екіге бөлді. Бір топ оқырман психологтың ойымен келісіп, тәңіршілдіктің өздеріне жақын екенін жазған.
«Мен қазақпын және толықтай келісемін. Маған тәңіршілдік жақын. Ең бастысы - ар-намыс, өзара құрмет және осы өмірді лайықты өткізу», «Мен қазақпын, мен де тәңіршілдікті қолдаймын. Ислам маған жат», - деп жазды желі қолданушылары.
Ал екінші тарап оның ислам туралы пікіріне қарсылық білдірді. Пікір қалдырушылардың бірі ислам әйелді міндетті түрде «төрт қабырғаға қамайды» деген түсінікпен келіспейтінін айтып, ислам тарихындағы Хадиша, Айша және Фатима әл-Фихри секілді әйелдерді мысалға келтірген.
«Исламда әйелдер үйде төрт қабырғада отыруы керек деп кім айтты? Орамал әйелді автоматты түрде күшінен, еркіндігінен және ақылынан айырады деп кім айтты? Исламда да өте мықты әйелдер болған», - деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы психологтың көзқарасын өткір сынға алып, оның пікірін тарихи және діни тұрғыдан қате деп бағалаған.
Осылайша, Назым Есенованың қазақ әйелінің тарихы, тәңіршілдік пен исламға қатысты мәлімдемесі желіде үлкен пікірталас тудырды. Бір тарап оның сөзін ұлттық тарих пен көне дүниетанымға оралу ретінде қабылдаса, екінші тарап ислам мен қазақ мәдениетін бір-біріне қарсы қою дұрыс емес екенін алға тартты.