Танымал журналист Жан Ахмадиев Меркіде қаза болған 19 жастағы Мадинаның қайын жұртына барып, қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысқан, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алайда марқұмның ата-енесі журналистке сұхбат беруден бас тартқан. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары жазды.
Осыдан кейін журналист марқұмның қайын жұртымен көрші тұратын тұрғынмен сөйлесіп, Мадинаның отбасы туралы пікірін сұраған.
Көршісінің сөзінше, Мадияр мінезі жуас адам болған. Ол ерлі-зайыпты арасында жанжал болуы мүмкін екенін айтып, ер адамның әйелін ұруын қалыпты жағдай ретінде қабылдайтынын аңғартқан.
«Көрші тұрсақ та Мадияр — жуас бала. Ашумен ұрса, ұрған да шығар. Еркек болған соң ұрады ғой. Ұрғанда да өлтіріп ұрғанын көрмеймін мен. Отбасы болған соң айқайласып, ұрысқан шығар», – деген көрші.
Бұл сөздер әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Әсіресе «ер адам болған соң ұрады» және «өлтіріп ұрғанын көрмеймін» деген пікірлер көпшіліктің ашуын келтірген.